311

Өскеменнің бұрынғы әкімі түрмеден мерзімінен бұрын босап шыға алмайды

Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін рақымшылық және мерзімінен бұрын босату нормаларына ілікпейді.

Өскеменнің бұрынғы әкімі түрмеден мерзімінен бұрын босап шыға алмайды
instagram/zhaksylyk_omar

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бұрынғы әкім Жақсылық Омар шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе амнистия қолданылатындар тізіміне кірмейді. Бұл туралы Өскемен қаласының прокуратурасы хабарлады

Ресми ақпаратқа сәйкес, сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарға рақымшылық немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босату нормалары қолданылмайды. Прокуратура атап өткендей, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ, және тараптар оған шағымдану құқығына ие.

Еске салсақ, 3 сәуірде Өскемен қаласының экс-әкімі Жақсылық Омар 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейтін болады. Сот оны алаяқтық және пара алу баптары бойынша кінәлі деп таныды.

Тергеу материалдары бойынша, қылмыстық іс оның Өскемен қаласының әкімі және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған кезеңге қатысты.

Бір эпизодта ол 2021 жылы құны шамамен 13 млн теңге болатын Toyota Camry автокөлігін материалдық көмек ретінде рәсімдеп алған. Кейін көлік үшінші тұлғаның атына аударылып, басқа көлікке айырбасталған. Тағы бір эпизодта ол әкімдік қызметкерінен 20 млн теңге талап еткен.

Қызметкер бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабарлаған соң әрекеттер бақылауға алынған. Делдал арқылы берілген 6 млн теңгенің 5,6 млн теңгесі ұсталған. Іс жеделдетілген тәртіппен қаралып, сот үкімі шығарылды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор