388

Атырауда балабақшада шкаф құлап, бала жарақат алды (ВИДЕО)

Жекеменшік балабақшада қабырғаға бекітілмеген шкаф аударылып түсті.

Атырауда балабақшада шкаф құлап, бала жарақат алды (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау қаласындағы балабақшалардың бірінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан ауыр жиһаз балалардың үстіне құлап, бүлдіршін жарақат алды.

Оқиға 3 сәуір күні Kemel Kids балабақшасында болған. Биіктігі шамамен 1,5 метр болатын шкаф кенеттен аударылып, балаларға қауіп төндірген. Соның салдарынан бір бала арқасынан соққы алып, дене жарақатын алған.

Ата-аналардың айтуынша, шкаф қабырғаға бекітілмеген. Олардың пікірінше, дәл осы немқұрайдылық оқыс жағдайға әкелген. Абырой болғанда, ауыр зардап тіркелмеген.

Оқиғадан кейін ата-аналар тексеріс жүргізіп, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуды талап етті.

Қалалық полиция департаменті бұл дерек бойынша тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, бала жұмсақ тіндердің соғылуы түріндегі жарақат алған, дәрігерлер тексергеннен кейін ол үй жағдайында ем алуға жіберілген.

Полиция оқиғаға қатысты түсініктемелер жинап, материалдарды білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жолдаған. Қазіргі уақытта жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Құзырлы органдар тексеріс нәтижесі бойынша заң аясында тиісті шешім қабылданатынын хабарлады. Сонымен қатар полиция білім беру ұйымдарына қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбедегі балабақшада бүлдіршіннің қолы шығып кеткені туралы да ақпарат тараған болатын.

Материал авторы