Құтқарушылар өрт ортасынан туды алып шықты (ВИДЕО)
Жанып жатқан шатырға көтеріліп, мемлекеттік туды дер кезінде түсіріп үлгерген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбедегі әкімдік ғимаратында болған алапат өрт кезінде құтқарушылар тек жалынды ауыздықтап қана қоймай, мемлекеттік рәмізді аман алып қалды. Қауіпті сәтте шатырға көтерілген мамандар Қазақстан туын түсіріп, оның отқа орануына жол бермеді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өртті сөндіру және оқшаулау жұмыстары барысында құтқарушылар жоғары қабатқа шығып, жанып жатқан шатырдан туды дер кезінде алып түскен. Осылайша олар тілсіз жаумен арпалыс кезінде де ел рәмізіне құрмет бірінші орында екенін іс жүзінде көрсетті.
Министрлік бұл әрекетті кәсіби міндетпен қатар азаматтық жауапкершіліктің көрінісі ретінде бағалады. Өрттің ортасында жүріп, тәуекелге барған мамандардың қимылы қоғам назарынан тыс қалмады.
Әлеуметтік желі қолданушылары құтқарушылардың әрекетіне жоғары баға беріп, олардың батылдығы мен жанкешті еңбегін ерекше атап өтті. Көпшілік олардың тәулік пен уақытқа қарамай қызмет ететінін, қауіпке қарамастан міндетін адал атқаратынын жазды.
Еске салсақ, Ақтөбеде алты қабатты әкімшілік ғимараттың шатыры өртенген еді. Өрт толық сөндірілді, зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Материал авторы