SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда жанжал атысқа ұласып, бір адам оқ жарақатын алды. Қылмыстық істі қалалық сот қарап, оқиғаның мән-жайын жария етті.
Тергеу деректеріне сәйкес, оқиға 2026 жылдың 18 қаңтарында болған. Айыпталушы мас күйде болып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Жанжал барысында ол заңсыз сақтаған қаруын – 9 мм калибрлі қайта жасалған травматикалық RETAY XR тапаншасын алып шығып, қарсыласына оқ атқан.
Оқ жәбірленушінің іш тұсына тиген. Дәрігерлер оның жарақатын жеңіл дәрежедегі зиян деп бағалаған, яғни ер адам аман қалған.
Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, өзін бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Сот жаза тағайындау кезінде бірқатар жеңілдететін мән-жайларды ескерді: айыптының кінәсін мойындауы, шынайы өкінуі, жәбірленушімен татуласуы, сондай-ақ оның қарауында II топтағы мүгедек анасы мен сегіз айлық баласының болуы. Сонымен қатар, қылмыстың мас күйде жасалуы және қоғамға қауіптілігі жоғары екені ауырлататын жағдай ретінде танылды.
Нәтижесінде, заңсыз қару сақтау және күш қолдану арқылы жасалған бұзақылық баптары бойынша айыпталушы 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жазасын ол орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
RUS