Қостанайда өтпеген концерт үшін тұрғындарға 5,38 млн теңге қайтарылады
Көк-сары пакетті өртеп жіберіңдер деген ресейлік әншінің Қазақстандағы концерттері тоқтатылған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда өтпеген концерт үшін қазақстандықтарға 5,38 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылатыны белгілі болды. Петропавл қаласының №2 соты Солтүстік Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің талап-арызын қанағаттандырып, жеке кәсіпкерден қаржыны азаматтарға қайтаруды міндеттеді.
Мәселе Ресей әншісі Акмаль Ходжаниязовтың (сахнадағы аты – Akmal) 2025 жылғы 25 қазанда Қостанайда жоспарланған концертіне билеттер сатып алған көрермендермен байланысты. Концерттің өтпеуіне қарамастан, жеке кәсіпкер:
кейбір көрермендерге ақшаны толық қайтармады;
кейбіріне жартылай қайтарды;
немесе міндеттемелерін мүлдем орындамады.
Алдын ала сотқа дейінгі шаралар нәтиже бермеді. Осыдан кейін 10-нан астам азамат зардап шегіп, олардың құқықтарын қорғау мақсатында сотқа жүгіну қажет болды.
Сот шешімі бойынша кәсіпкерден 5 380 126 теңге өндіріліп, қаржы билеттері қайтарылмаған тұтынушыларға аударылады. Департамент бұл шешімді тұтынушылар құқығын қорғаудағы тәжірибе үшін маңызды деп бағалады.
«Қызмет көрсету формасы қандай болса да, электронды платформаларды қолдану арқылы берілетін қызметтерді қоса алғанда, кәсіпкерлер тұтынушылар алдындағы міндеттемелерін толық және дұрыс орындауы тиіс», – деді Солтүстік Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің атқарушы жетекшісі Ғалымжан Абаев.
Материал авторы