«Салафизм мен уахабизм ұлтқа қауіпті»: Депутат діни ағымдарға заңмен тыйым салуды ұсынды
Депутат соңғы даулы оқиғаларды елдегі діни ахуалдың күрделенуімен байланыстырды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Ақ жол» партиясының депутаты Қазыбек Иса Қазақстанда радикалды діни ағымдардың күшеюіне алаңдаушылық білдіріп, оларды заңмен шектеуді ұсынды. Оның пікірінше, салафизм, уахабизм және түрлі секталар қоғамға ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке де нақты қауіп төндіріп отыр.
Депутат бұл мәселе бұған дейін де көтерілгенін, алайда нақты нәтиже болмағанын атап өтті. Керісінше, теріс діни ағымдардың ықпалы артып бара жатқанын айтты. Ол соңғы уақытта қоғамда резонанс тудырған бірнеше оқиғаны мысалға келтірді.
Атап айтқанда, Наурыз мерекесіне қарсы шыққан әрекеттер мен жеке көзқарасына бола әйелін басқа адамға «сыйға тартқан» имам төңірегіндегі дау қоғамда үлкен наразылық туғызған. Сондай-ақ Ақтөбеде сотқа ниқабпен келген әйелдердің бет-жүзін жапқан күйде ғимаратқа кіргізілуі де заң талаптарының орындалуына қатысты сұрақ тудырды.
Қазыбек Иса мұндай жағдайлар елдегі құқықтық тәртіп пен зайырлылық қағидаттарының әлсіреп бара жатқанын көрсетеді деп есептейді. Оның айтуынша, ұлттық бірегейлікке қарсы әрекеттер қоғамның ішкі тұтастығына сызат түсіруде.
Депутат Наурызды жоққа шығаруды «ұлт пен мемлекетке қарсы бағытталған әрекет» деп бағалап, мұндай құбылыстарға қарсы жедел әрі қатаң заңнамалық шаралар қабылдау қажет екенін айтты.
Оның пікірінше, радикалды діни көзқарастардың салдары отбасылардың ішінде де қайшылық туғызып, адамдардың өз тамырынан ажырауына алып келуде. Сондықтан мемлекет зайырлылық ұстанымын нақты іс жүзінде күшейтіп, қауіпті ағымдарға заң тұрғысынан тосқауыл қоюы тиіс.
Материал авторы