SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, өнер әлемінде ағалық мейірім мен шынайы жанашырлықтың үлгісі көпшілікті тәнті етті. Белгілі әнші, «МузАРТ» тобының солисі Мейрамбек Беспаев жас әріптесі Еркеш Хасенге жаңа автокөлікті сыйға тартты. Бұл қуанышын өнерпаз өз әлеуметтік желісінде бөлісті.
Еркеш Хасен оқиғаның аяқ астынан, қызықты жағдайдан басталғанын айтты. Екі апта бұрын ол «Cover Show» жобасына қатысып өнер көрсетеді. Түсірілімнен соң Мейрамбек Беспаев бастаған өнерпаздар мерекелік шараға қатысады.
Кеш соңында үйге қайтатын уақытта, Беспаев жас әріптесінен: «Үйге баратын көлігің бар ма?» – деп сұрайды. Еркеш Хасен: «Иә, аға, такси шақырдым», – деп жауап береді. Алайда, танымал әнші жай ғана «Такси емес» деп қысқа қайырып, әңгімені тоқтатады.
Келесі күні «Cover Show» жобасында сарапшы ретінде келген жас әнші Беспаевтың қасында отырады. Бір сәтте Мейрамбек бұрылып:
«Сен кеше шынымен көлігің жоқ деп айттың ба?» – деп сұрайды.
Інісі шындықты растап, ұялуға себеп жоқ екенін түсіндіреді. Бағдарлама аяқталған соң Беспаев Еркеш Хасенді грим бөлмесіне шақырып, шынайы және салмақты сөзін айтады:
«Кешегі сөзің, өтірік айтпай-ақ қояйын, жүрегіме ауыр тиді. Маған картаңның 16 санын қалдыршы. Жақын күндері саған бір сый жасаймын, өзің ыңғайлап көлік ал», – дейді ол.
Жас әріптес үшін бұл күтпеген сый ерекше мәртебе болды. Алланың қалауымен және Беспаевтың қолдауымен Еркеш Хасен жаңа көліктің иесі атанып, қуанышын «Үлкен сый, үлкен құрмет!» деп бағалады.
RUS