SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында есік құлпын ауыстырғаннан кейін жасалған пәтер ұрлығы бойынша қылмыстық іс қаралды. Күдікті өзін шебер ретінде таныстырып, кейін сол пәтерді тонаған.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың желтоқсан айында жәбірленуші WhatsApp арқылы пәтеріндегі есік құлпын ауыстыру үшін хабарландыру жариялаған. Көп ұзамай өзін шебер ретінде таныстырған ер адам байланысқа шығып, жұмысты орындауға келіскен. Әйел оған жаңа құлыпты сатып алуды сеніп тапсырған.
Құлып орнатылғаннан кейін «шебер» бес кілттің төртеуін ғана иесіне беріп, біреуін өзінде қалдырған.
2026 жылдың қаңтарында ол сол кілтті пайдаланып, пәтерге заңсыз кіріп, ASEL маркалы пешті ұрлап кеткен.
Сот бұл әрекетті Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша, яғни тұрғын үйге заңсыз кіру арқылы жасалған ұрлық ретінде саралады.
Сотта айыпталушының кінәсін мойындауы және келтірілген шығынды өз еркімен өтеуі жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілді. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.
Сарысу аудандық сотының үкімімен оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда қорғаушы тарап апелляциялық шағым түсірді.
Істі қайта қараған Жамбыл облыстық сотының апелляциялық алқасы жаза мерзімін 3 жылдан 2 жылға дейін қысқартты. Сот актілері заңды күшіне енді.
RUS