1099

«16-26 жаста»: Алматы облысында 15 жастағы қызды 8 жігіт зорлап келген (ВИДЕО)

Қызды зорлап, әлеуметтік желідегі жеке жазысуларын ағасына көрсетеміз деп қорқытқан.

«16-26 жаста»: Алматы облысында 15 жастағы қызды 8 жігіт зорлап келген (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысы, Райымбек ауданында 15 жасар мектеп оқушысына қарсы топтық қысым мен зорлық әрекеттер жасалғаны анықталды. Алты ай бойы 8 жігіт қызды шантаждап, түнде ауыл сыртына шығарып зорлаған. Қатысушылардың жасы 16-дан 26 жасқа дейінгі аралықта. Қыз жетім, ағасы тәрбиелеп отырған.

Оқиға 1 қаңтардан басталған. Қызды әлеуметтік желідегі жазысуларын ағасына көрсетеміз деп қорқытып, түнде көшеге шығарып зорлаған. Бірінші қатысушы өз достарына қыздың байланысын беріп, олар да сол схемамен кәмелетке толмаған қызға қысым көрсеткен.

Мектептің реакциясы да алаңдатқан. Директор мен бес мұғалім қызды кабинетке қамап, қатал сұрақ-жауап жүргізіп, қылмысты жасыруды шешкен. Полиция мен қамқоршыға зорлық фактісі туралы тек бес күннен кейін хабарланған. Белгілі болғандай, екі күдікті — сол мектептің мұғалімдерінің балалары. Ұстаздар оларды қорғау үшін қыз туралы ауылда жалған әңгімелер таратқан.

Қыздың ағасы полицияға 16 наурызда арыз берген, бірақ қазірге дейін 8 күдікті де бостандықта. Адвокат Инга Иманбай тергеудің әрекетсіз екенін айтып, күдіктілердің әлі де ұсталмағанын жеткізді.

Отбасы ұсынылған ақшаны қабылдаудан бас тартқан. Олар зорлаушыларға ғана емес, қылмысты жасыруға қатысқан мектеп директорына да заң аясында жауапкершілікке тартуды талап етеді. Қылмыскерлер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор