589

Ақтауға Ресейден чартерлік рейспен алғашқы туристер келді

Ақтау халықаралық әуежайына Ресейден 100-ден астам жолаушы ұшып келді, деп хабарлайды smartnews.kz сайты.

Ақтауға Ресейден чартерлік рейспен алғашқы туристер келді
Өңірлік коммуникациялар орталығы

Ақтау іргесіндегі «Rixos Water World Aktau» қонақ үйі мен ресейлік «Anex tour» туроператоры келісім жасап, 2 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Келісім аясында бүгін Ақтауға Екатеринбург қаласынан 100-ден астам саяхатшы сапарлап келді. Туристер 197 туристік бағыт бойынша түбектің тұмса табиғатын тамашалайды.

«Біз Қазақстан туризмін дамыту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта мұндай чартерлік рейстер қайталанатын болады» - деді туроператордың өкілі Кан Челик.

Ал саяхатшы Марина Есенецкая бұл сапардан есте қаларлық сәттерді күтетінін айтады.

«Бұл менің Ақтауға алғаш рет келуім. Жолда 2 сағат ұшып келдік. Барлығы керемет. Бір апта демалысты жоспарладық. Алдағы күндері күн жылы болады. Табиғатты тамашалаудан керемет әсер аламын деп ойлаймын» - дейді турист.

Айта кетейік, таяуда Ираннан чартерлік рейспен туристердің алғашқы легі өңірге саяхаттап келді. Алдағы уақытта чартерлік рейспен Ақтауға қатынайтын туристердің қатары көбейетін болады.