293

4 млрд теңге жымқырды деген күдікті Грузиядан елге жеткізілді

Қашқын ретінде халықаралық іздеуде жүрген азамат Грузияда ұсталып, елге қайтарылды.

4 млрд теңге жымқырды деген күдікті Грузиядан елге жеткізілді
Бас прокуратура

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Бас прокуратурасы мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері, сондай-ақ елдің Грузиядағы дипломатиялық өкілдігінің қолдауымен аса ірі көлемдегі ұрлық ісі бойынша күдікті азаматты елге қайтарды.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті компания басшысы бола отырып, алдын ала келісілген топ құрамында әрекет еткен. Ол мемлекеттік сатып алу талаптарын айналып өтіп, спутниктік және телекоммуникациялық жабдықты жалға алу жөнінде заңсыз келісімшарт жасасқан. Осы схема арқылы қаржыны иемдену көзделген.

Аталған әрекеттер салдарынан «Транстелеком» АҚ арқылы мемлекетке 4 миллиард теңгеден астам шығын келтірілгені анықталған.

Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан тарапының сұрауы негізінде елге экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалып, іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Айып дәлелденген жағдайда күдікті мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор