SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы қайғылы өрттің жаңа жай-жапсары белгілі болды. Тілсіз жау үш баланың өмірін жалмап, ал құтқарушылардың жұмысын ауладағы бейберекет көліктер күрт қиындатқан.
12 сәуірге қараған түні Есіл ауданындағы Түркістан көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шыққаны туралы хабар 112 пультіне түскен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жеткенімен, аулаға кіреберістің темір қақпамен жабық болуы және көліктердің ретсіз қойылуы арнайы техниканың қозғалысын тежеген.
Алғашқы топ келген сәтте пәтер толықтай отқа оранған. Құтқарушылар темір есікті арнайы құралмен бұзып ашуға мәжбүр болды. Өртті сөндіру кезінде іштен күйік алған әйел құтқарылып, дәрігерлерге тапсырылды. Алайда пәтер ішінен үш кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды.
Қиындықтарға қарамастан, өрт сөндірушілер жалынның өзге пәтерлерге таралуына жол бермеді. Өрт толық сөндірілді.
Құтқару жұмыстары барысында жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланды, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетімен шыққан. Өрт дабылы жүйесі қалыпты жұмыс істеп, лифтілер автоматты түрде бірінші қабатқа түсірілген.
Оқиға орнынан тараған видеоларда полиция қызметкерлерінің әрекеті де көрінеді. Тәртіп сақшылары алғашқылардың бірі болып жетіп, тұрғындарды түтінге толы подъезден шығарып, бағыт-бағдар беріп, төтенше қызметтердің жұмысын үйлестірген. Сонымен қатар олар зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіп, аумақта тәртіпті қамтамасыз еткен.
Өрт фактісі бойынша төтенше жағдайлар департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сараптамалар тағайындалып, қайғылы жағдайдың нақты себебі анықталмақ.
Полиция да қылмыстық іс қозғады. Ведомство өкілдері мұндай жағдайларда әр минуттың маңызы зор екенін ескертіп, аулалардағы ретсіз тұрақ пен жабық кіреберістер адамдардың өміріне тікелей қауіп төндіретінін атап өтті.
RUS