SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанға келген танымал америкалық тревел-блогер Коннор (Camperghini) продюсер Баян Алагөзованың үйіне арнайы қонақ болды. Кездесу ұлттық дәстүрлерге сай ұйымдастырылып, желіде кең талқыланды.
Баян Алагөзова бұл сәттің видеосын Instagram парақшасында жариялады. Оның айтуынша, блогердің өзі қонаққа келуге ниет білдірген. Продюсер тіпті үйі туристер үшін қызықты нысанға айналып бара жатқанын да жасырмады.
Қонақты қазақы дәстүрмен қарсы алды: киіз үй ішінде мол дастархан жайылып, ұлттық киім киген қыздар дәстүрлі би орындады. Мерекелік атмосфераны Баянның анасы да толықтырды — ол камзол киіп, салтанатты көрініске ерекше рең берді.
Кездесу барысында қонаққа шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Баян Алагөзова блогермен ағылшын тілінде сөйлесіп, қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениеті туралы әңгімелеп берді.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл қонақжайлықты жоғары бағалап, мұндай кездесулер ұлттық құндылықтарды әлемге танытудың тиімді жолы екенін атап өтті.
Айта кетейік, Camperghini лақап атымен танымал Коннор — Lamborghini Urus көлігімен әлемді аралап жүрген саяхатшы. Ол әр елдегі әсерін бөлісіп, саяхатшыларға арналған кеңестер жариялап отырады.
RUS