SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Димаш Құдайберген Қытайда продюсер ретінде алғашқы марапатын иеленді. Бұл оның шығармашылық жолындағы жаңа кезеңнің басталғанын аңғартады.
Сыйлық 11 сәуір күні Weibo Gala аясында табысталды. Макао қаласында өткен салтанатты кеште қазақстандық әртістің еңбегі тұңғыш рет продюсерлік қырымен бағаланды.
Өнер иесі қуанышты жаңалықты өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, бұл марапаттың орны бөлек.
«Бұған дейін әлемнің түрлі елдерінде әнші ретінде жүлде алып жүрдім. Ал бұл — менің продюсер ретіндегі алғашқы марапатым. Сондықтан оның маңызы ерекше», – деді ол.
Димаш бұл жетістікке жеке емес, тұтас командамен бірге жеткенін атап өтті. Әсіресе Voice Beyond Horizon жобасына атсалысқан барлық әріптестеріне алғыс білдірді.
Өнерпаздың айтуынша, жоба финалы жақын арада көрерменге жол тартады. Ол тыңдармандарды жаңа музыкалық өнімді бірге тамашалауға шақырды.
Бұл марапат Димаштың тек орындаушы емес, толыққанды продюсер ретінде де халықаралық деңгейде мойындала бастағанын көрсетеді.
RUS