211

235 млн теңге қайтарылды: Екібастұзда мемлекет мүлкі «құтқарылды»

Әкімдік 21 автокөлікке меншік құқығын тіркемей, олардың заңдық мәртебесін күмәнді күйде қалдырған.

235 млн теңге қайтарылды: Екібастұзда мемлекет мүлкі «құтқарылды»
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Екібастұз қаласының прокуратурасы мемлекет меншігіне тиесілі арнайы техниканы қайтарды. Қайтарылған мүліктің жалпы құны 235 млн теңгеден асады.

Қадағалау органы мемлекеттік мүлікке құқықты рәсімдеу заңдылығын тексеру барысында бірқатар өрескел кемшілікті анықтаған. Атап айтқанда, 2024 жылы Екібастұзтеплоэнерго кәсіпорнынан қала әкімдігіне жалпы құны 5,34 млрд теңге болатын мүлік коммуналдық меншікке өткен.

Алайда жергілікті атқарушы орган 21 автокөлікке меншік құқығын уақытылы тіркемеген. Соның салдарынан бұл техника кейін азаматтық-құқықтық дауларға ілініп, 82 атқарушылық өндіріс аясында оған тыйым салынған.

Прокуратураның араласуынан кейін әкімдік талап-арыз жұмыстарын жүргізіп, сот шешімімен барлық шектеулер алынып тасталды. Нәтижесінде, құны 235 млн теңгеден асатын арнайы техника мемлекет балансына қайта өтті.

Қадағалау органының мәліметінше, қайтарылған техника алдағы уақытта қаланың коммуналдық қажеттіліктеріне жұмсалады.

Материал авторы