«Ұлымды әдейі итерді»: Атыраудағы Мерланның жұмбақ өлімі қайта дау туғызды
Марқұмның анасы баласының өлімі кездейсоқ емес екенін айтып, істі қайта саралауды талап етуде.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда 2024 жылы Жайық өзенінде қаза тапқан 14 жастағы Мерланның ісі қайтадан қоғам назарында. Марқұмның туыстары тергеу нәтижесімен келіспей, істі қайта қозғап, кінәлілерді қатаң жазаға тартуды талап етіп отыр.
Марқұмның анасы Анаргүл Қасантаева баласының өлімі кездейсоқ емес, әдейі итеріп жіберудің салдары деп есептейді. Оның айтуынша, істі «абайсызда адам өліміне әкелу» бабы бойынша емес, «қасақана кісі өлтіру» ретінде қайта саралау қажет.
«Баламды Жайыққа итеріп жіберген. Соның кесірінен көз жұмды. Мұны жасаған бала бостандықта жүр. Бар болғаны 60 мың теңге айыппұл төлеп, есепке ғана алынған. Көргендер де үнсіз қалды. Қолымызда кінәні мойындаған жазбалар бар, олар сараптамаға жіберілуі тиіс», — дейді анасы.
Отбасының адвокаты істі жан-жақты қайта қарау үшін материалдарды Бас прокуратураға жолдауды көздеп отыр.
Атырау облыстық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, тергеу барысында барлық қатысы бар тұлғалар анықталып, жауаптары алынған, қажетті сараптамалар тағайындалған.
Алайда іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы негізінде тоқтатылған. Себебі негізгі күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа толмаған.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2024 жылы болған. Біраз уақыт іздеуден кейін 14 жастағы жасөспірімнің денесі Жайық өзенінен табылған.
Материал авторы