SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскеменде қоғамдық көлікте кәмелетке толмаған қыздарды қорлағандарға араша түскен жас жігіт марапатталды. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, түрлі пікір тудырған еді.
Оқиға кейіпкері — Олжас Әуелбеков. Ол автобус ішінде қыздарға тиісіп жатқан ер адамға қарсы шығып, жәбірленушілерді қорғаған. Алайда араша түскені үшін кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша айыппұл арқалаған.
Даулы жағдайдан кейін жас жігітпен Мәжіліс депутаты Лукбек Тумашинов кездесіп, оған қолдау білдірді. Кездесу барысында депутат Олжасқа жаңа телефон табыстады.
Тумашинов мұндай әрекеттер қоғамдағы жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның көрінісі екенін атап өтті.
«Әділдік үшін сөйлейтін, жауапкершілікті өз мойнына алатын жастар бар. Мұндай азаматтарды тек сөзбен емес, нақты іспен қолдау қажет. Заң мен тәртіп әділдіктің жағында болуы тиіс», – деді ол.
Бұл оқиға бір маңызды мәселені қайта көтерді: азаматтық батылдық пен заң талаптарының ара-жігі қай жерде түйіседі? Қоғамда әділет үшін араша түскен адамның өзі жазаланатын жағдайлар сенімге сызат түсірмей ме?
Айта кетейік, бұған дейін Олжас Әуелбековтің әрекеті үшін айыппұл арқалағаны туралы ақпарат кеңінен тараған болатын. Кейін бұл жағдай қоғамдық резонанс туғызып, түрлі пікірталасқа ұласқан.
RUS