580

Toyota Camry үшін кісі өлтірген: Ақтөбедегі резонансты іс бойынша үкім өзгеріссіз қалды

Айыпталушы әйелді көлік сатып алушы болып алдап, адам аз жерге алып кеткен.

Toyota Camry үшін кісі өлтірген: Ақтөбедегі резонансты іс бойынша үкім өзгеріссіз қалды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде болған қатыгез кісі өлтіру ісі бойынша сот түпкілікті шешім шығарды. Касссациялық сот бұған дейінгі үкімді заңды әрі негізді деп танып, өзгеріссіз қалдырды.

Сотталған азамат жазасын 22 жыл бас бостандығынан айыру түрінде өтеуді жалғастырады.

Қайғылы оқиға 2024 жылдың 9 маусымында болған. Ақтөбе тұрғыны өзін көлік сатып алушы ретінде таныстырып, Toyota Camry автокөлігін сатпақ болған әйелмен кездесуді алдын ала келіседі.

Көлікті «қарап шығу» сылтауымен ол әйелді адам аз жерге алып барған.

Сот материалдарына сәйкес, ер адам жәбірленушіге шабуыл жасап, оны қауіпсіздік белдігімен тұншықтырып өлтірген.

Одан кейін қылмыс ізін жасыру мақсатында марқұмның бетін пышақпен зақымдап, оның кім екенін тануды қиындатуға тырысқан. Қылмыскер алтын алқаны алып, мәйітті бұталардың арасына тастап, ұрланған көлікпен қашып кеткен.

Сот айыпталушы тараптың уәждерін қабылдамай, дәлелдер жеткілікті екенін атап өтті. Іс бойынша:

– марқұмның жеке заттары мен көлік айыпталушыдан табылған;
– бейнебақылау камералары оның әрекеттерін тіркеген;
– жәбірленуші шабуыл кезінде «112» қызметіне қоңырау шалған;
– ДНҚ сараптамасы ер адамның қылмыс орнында болғанын растаған.

Қорғау тарапы істі қайта қарауды сұрап, тергеу барысында заңбұзушылықтар болғанын және қысым жасалғанын алға тартқан.

Алайда сот бұл уәждерді дәлелсіз деп тауып, үкімді қайта қарауға негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Осылайша, сотталушы тонау және кісі өлтіру қылмыстары үшін белгіленген жазасын толық өтейтін болады.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор