SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетау тұрғыны жүзеге аспаған шетелдік сапар үшін төлеген 5,4 млн теңгені қайтарып алды. Бұл мәселе мемлекеттік органның араласуынан кейін шешілген.
Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, азамат Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінгеннен кейін ғана мәселе оң шешімін тапқан.
2026 жылдың 23 ақпанында тұрғын туристік агенттікпен Біріккен Араб Әмірліктеріне сапар ұйымдастыру жөнінде 5,4 млн теңгеге келісімшарт жасаған. Құжаттар пакетіне туристік ваучерлер, электронды билеттердің маршруттық түбіртектері, сақтандыру полисі және бес жұлдызды қонақүйде тұру қызметі енгізілген.
Алайда белгілі бір жағдайларға байланысты сапар жүзеге аспай қалған. 5 наурыз күні клиент ақшаны қайтару туралы ресми талап жолдағанымен, компания одан бас тартып, сапарды кейінге шегеруді немесе қаражатты бірнеше ай күту керектігін ұсынған.
Осыдан кейін азамат уәкілетті органға шағым түсірген. Нәтижесінде құқықтық ықпал ету шаралары қабылданып, туристік агенттік 5,4 млн теңгені толық көлемде қайтарды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, турист сапар басталғанға дейін одан бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда сатушы нақты жұмсалған шығындарды шегеріп, қалған соманы қайтаруға міндетті. Ал қаражатты қайтаруды шектейтін талаптар тұтынушы құқығын бұзу ретінде қарастырылады. Егер келісімшарт орындалмаса, төлем толық қайтарылуы тиіс.
RUS