SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семей қаласында колледж жатақханасында болған буллинг дерегі сотта қаралып, жауапты тұлғаға жаза тағайындалды. Іс кәмелетке толмаған студенттің әрекетіне байланысты қозғалған.
Сот материалдарына сәйкес, 2010 жылы туған бірінші курс студенті бірге тұратын жасөспірімді жүйелі түрде қорлап келген. Ол жәбірленушіге күш қолданып, тұншықтырған. Бұл әрекет бейнежазбаға түсіріліп, қорлайтын сөздермен бірге ортақ чатта таратылған.
Сонымен қатар оқу орнындағы бейнебақылау камералары арқылы күдіктінің аудиторияда отырған студентке партаны итерген сәті де тіркелген.
Сот жасөспірімнің әрекетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабы 3-бөлігі — кәмелетке толмағанға қатысты буллинг ретінде бағалады. Заң талаптарына сәйкес, мұндай жағдайда жауапкершілік ата-анаға жүктеледі.
Сот шешімімен жасөспірімнің анасына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Бұл оқиға білім беру мекемелеріндегі буллинг мәселесінің әлі де өзекті екенін және мұндай әрекеттердің заң алдында жауапсыз қалмайтынын көрсетті.
RUS