SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Тараздағы мектептердің бірінде болған қатыгездік қоғамды дүр сілкіндірді. Гимназияда 10-сынып оқушысы қатарластарының соққысынан көзінен айырылып, ауыр халде ауруханаға түсті.
Оқиға сабақ арасындағы үзіліс кезінде ұлдарға арналған киім ауыстыратын бөлмеде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 15 жастағы оқушыны жоғары сыныптың бірнеше оқушысы сол жерге әдейі шақырып, әңгіме әп-сәтте күш көрсетуге ұласқан.
Бейнебақылау жазбаларына қарағанда, жасөспірімді бірнеше адам жабылып ұрған. Жәбірленушінің досы көмектеспек болғанымен, оны жібермеген. Осы сәтте бала басынан ауыр соққылар алған.
Соққыдан кейін оқушы өздігінен бөлмеден шыққанымен, көзінің жағдайы бірден алаңдатарлық болған. Ол жедел түрде отаға түсіп, қазір ауыр жағдайда жатыр. Жақындарының айтуынша, жасөспірім оқиғаны толық есіне түсіре алмайды, бірақ шабуыл жасағандардың қолында темірге ұқсас зат болғанын байқаған.
Дәрігерлер баланың жағдайын күрделі деп бағалап отыр. Анасының айтуынша, дәрігерлер көзді сақтап қалу үшін күрделі операция жасаған. Қазіргі уақытта ең үлкен қауіп – инфекцияның таралуы.
Оқиғаға байланысты Жамбыл облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Тергеу «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамау мәселесі қаралуда.
Бұл жағдай білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесін тағы да өткір көтеріп, мектептегі зорлық-зомбылықтың салдары қаншалықты ауыр болатынын айқын көрсетті.
RUS