Туризмге бөлінетін мемлекеттік қолдау нақты нәтиже берсін десек, оны тәуекелге барып, нарықты алға сүйреп жүрген кәсіпкерлерге бағыттау қажет. «Туристік қамқор» қоры мен Туроператорлар қауымдастығының төрағасы Инна Рей BIZDIÑ ORTA подкастында дәл осы мәселені көтерді.
Оның айтуынша, елде туризмді қолдауға арналған бағдарламалар бар, бірақ олар әр тарапқа шашырап кеткендіктен, нақты әсері байқалмай отыр. Соның ішінде тиімді құралдардың бірі — кірмелік туризмді субсидиялау. Яғни, шетелдік турист әкелген компанияларға мемлекет тарапынан төлем қарастырылған.
Алайда сарапшы бұл тетікті қайта қарау қажет деп санайды. Оның пікірінше, қолдау ең алдымен турист ағынын тұрақты қамтамасыз ететін, өз қаражатын салып, тәуекелге баратын туроператорларға берілуі тиіс. Себебі олар турөнім сатылса да, сатылмаса да жауапкершілікті өз мойнына алады.
Инна Рей мұндай тәсіл туризм нарығын тұрақтандырып қана қоймай, инвесторлар үшін де түсінікті әрі болжамды орта қалыптастыратынын айтады. Туристер легі тұрақты болса, бизнес инфрақұрылымға батыл инвестиция құя бастайды.
Бұл өз кезегінде тек ірі қалаларға емес, ауылдық аймақтарға да әсер етеді: жергілікті халық өнімін өткізіп, жаңа табыс көздері пайда болады, ал өңірлік экономика жанданады.
Сарапшының пікірінше, жеңілдіктерді нақты нәтиже көрсететін, ұзақ мерзімді жоспармен жұмыс істейтін ірі туроператорларға беру маңызды. Сонымен қатар қаражаттың мақсатсыз жұмсалу қаупін бақылау қиын емес — әлемдік тәжірибеде мұндай механизмдер әлдеқашан дәлелденген.
RUS