SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда кішкентай баласы бар әйел көршісінің агрессивті әрекеттеріне шағымданып, жағдай полицияның араласуымен шешілді. Тұрғынның айтуынша, бірнеше ай бойы жалғасқан қысым оның күнделікті өмірін күрт қиындатқан.
Әйелдің сөзінше, ол қалаға өткен жылдың қыркүйегінде аутизм диагнозы бар 6 жастағы баласын емдету үшін көшіп келген. Алайда жаңа пәтерге қоныстанған сәттен бастап тыныштығы бұзылған. Үстіңгі қабаттағы көршісі түн ішінде айқайлап, қатты шу шығарып, баланы қорқытып келген.
Тұрғын бірнеше мәрте көршісіне ескерту жасағанымен, нәтиже болмаған. Кейін учаскелік полицияға жүгінген. Алғашқы шара ретінде ер адамға айыппұл салынған. Алайда шағым иесінің айтуынша, содан кейін оның мінез-құлқы одан әрі ушыға түскен.
Әйелдің мәлімдеуінше, көршісі әдейі шу шығарып, күндіз де тарсылдатып, есікті ұрып, қысым көрсеткен. Соның салдарынан ол қауіпсіздігіне алаңдап, үйден сирек шығатын жағдайға жеткен.
Полиция мәліметіне сәйкес, аталған азамат бұрын да тыныштықты бұзғаны үшін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 14 сәуір күні полиция қызметкерлері пәтер иесімен түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін, ер адам баспанадан шығарылған.
Сонымен қатар оған ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 30 тәулікке қорғау нұсқамасы берілген.
RUS