326

Өскеменде блогер ұлтаралық араздық қоздырды деген күдікпен ұсталды

Тікелей эфирдегі агрессивті сөздер қала тұрғынының шағымынан кейін тексеріле бастады.

Өскеменде блогер ұлтаралық араздық қоздырды деген күдікпен ұсталды
pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскеменде әлеуметтік желіде арандатушылық сипаттағы мәлімдемелер жасаған ер адам қолға түсті. Полицияның мәліметінше, ол TikTok-тағы тікелей эфирлерде ұлтаралық өшпенділік тудыруы мүмкін сөздер айтқан.

Оқиға қала тұрғынының шағымынан кейін қозғалған. Әйел құқық қорғау органдарынан эфир барысында ұлттық белгілер бойынша қорлайтын, бейәдеп сөздер қолданған қолданушыға шара қолдануды сұраған.

Тексеру барысында 35 жастағы азаматтың бірнеше аккаунт арқылы тікелей эфир жүргізгені анықталған. Кейін олардың бірі өшірілген. Эфирлер «батл» форматында өтіп, басқа қолданушылармен пікірталас кезінде ер адам, болжам бойынша, мас күйде болған. Сол сәттерде ол түрлі этнос өкілдеріне қатысты ауыр және қорлайтын сөздер айтқан.

Жиналған бейнематериалдарға психологиялық-лингвистикалық сараптама жүргізіліп, онда ұлтаралық араздық қоздыру белгілері бар екені расталған.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. 

Материал авторы