SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысында өзін табысты кәсіпкер ретінде таныстырған әйел ірі алаяқтық схеманы іске асырып, азаматтарды миллиондап шығынға батырды. Тергеу дерегінше, ол мүлде жоқ бизнесті «пайдалы жоба» ретінде ұсынып, адамдарды инвестиция салуға үгіттеген.
Күдікті өзін компания басшысы ретінде көрсетіп, ұсақ мал жеткізуге байланысты кәсіп барын алға тартқан. Сенім ұялату үшін келісімшарттар рәсімделіп, заңды қызмет жүргізіп жатқандай әсер қалдыратын құжаттар ұсынылған.
Екі азамат әйелдің сөзіне сеніп, несие рәсімдеп, қомақты қаражатты компания шоттарына аударған. Алайда іс материалдары көрсеткендей, ешқандай бизнес болмаған: мал сатып алынбаған да, жеткізілмеген.
Түскен қаражатты әйел өз қажетіне жұмсаған. Тергеу мәліметінше, ақшаның бір бөлігі шетелге аударылып, қолма-қол шешілген. Келтірілген жалпы шығын 100 миллион теңгеден асты.
Сараптамалар ұсынылған барлық құжаттың жалған екенін, ал көрсетілген мүліктің мүлде болмағанын растады.
Полиция мұндай схемалардың азаматтардың сеніміне құрылатынын ескертеді. Алаяқтар жалған құжат жасап, заңды бизнес көрінісін қалыптастырып, адамдарды ірі қаржы салуға көндіреді. Құзырлы органдар кез келген инвестициялық ұсынысты мұқият тексеруге және асығыс шешім қабылдамауға шақырады.
Сот үкімімен әйел 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған осы мерзім ішінде жекеменшік ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.
RUS