326

Мектепке диктант, мазмұндама мен шығарма қайта оралады

Министр мектеп бағдарламасына бірқатар маңызды өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді.

Мектепке диктант, мазмұндама мен шығарма қайта оралады
vecher.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мектептерінде жазбаша жұмыстар қайта енгізіледі. Оқушылар енді қолмен жазып, диктант, мазмұндама және шығарма орындайтын болады. Бұл туралы Атырау облысында өткен кездесуде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Министр өңірге жұмыс сапары барысында педагогтармен жүздесіп, білім беру саласындағы алдағы өзгерістерді таныстырды. Оның айтуынша, оқу бағдарламасы мен жүктемесі қайта қаралып, әсіресе жаратылыстану-математика бағытындағы пәндердің мазмұны жаңартылады. Сонымен қатар бастауыш сыныптарға да бірқатар түзету енгізіледі.

Жаңа өзгерістердің ішінде құқықтық сауаттылықты күшейтуге басымдық берілген. Атап айтқанда, 5–7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8–9 сыныптарда «Заң және тәртіп», ал 10–11 сыныптарда «Құқық негіздері» пәндері оқытылмақ.

Білім сапасын кешенді бағалау және оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында мектептерге дәстүрлі жазбаша жұмыстар қайта оралады. Яғни, мазмұндама, шығарма және диктант қайтадан оқу процесінің ажырамас бөлігіне айналады.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл қадам оқушылардың тілдік дағдыларын нығайтып қана қоймай, ойлау қабілетін дамытуға бағытталған.

Материал авторы