525

Қостанайлық блогер көшенің қақ ортасында қызға шабуыл жасады (ВИДЕО)

Екі әйел мен ер адам бір қызға жабылған.

Қостанайлық блогер көшенің қақ ортасында қызға шабуыл жасады (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда бірнеше адамның қатысуымен болған жанжал жаппай төбелеске ұласты. Оқиға видеоға түсіп, әлеуметтік желілерде кең таралды және қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Тараған кадрларда екі әйел мен ер адамның бір қызды жұдырық пен тепкіге жыққаны көрінеді. Куәгерлер араша түсуге тырысқанымен, жағдай одан әрі ушыққан. Кейбір адамдар оқиғаны тоқтатудың орнына оны видеоға түсіріп тұрған.

Кадрларда жас әйелді ересек әйел соққыға жыққаны, ер адамның іштен ұрып, қолын қайырып, бетіне соққы жасағаны байқалады. Ал қыз болса, қарсыластарынан тайсалмай, жауап қайтарып, тіпті олардың бірінің шашынан тартып сүйрегені де көрінеді.

Әлеуметтік желіде жанжалға қатысушылардың бірі даулы блогер «Гүлнара блогер» (Гүлнар Оразалина) екені айтылуда. Жазбаларда оның ауыр науқас балалар мен олардың ата-аналары туралы даулы пікірлерімен танылғаны көрсетілген. Қалған екі қатысушы оның туыстары болуы мүмкін деген ақпарат тараған.

Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 15 сәуір күні «102» пультіне қалада төбелес болғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына жеткен полицейлер барлық қатысушыларды ұстап, бөлімшеге жеткізген.

Тергеу дерегіне сәйкес, екі қыз арасындағы жанжал алдымен әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде басталған. Кейін ол жеке кездесуде жалғасып, ақырында төбелеске айналған. Қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Құқық қорғау органдары әр қатысушының әрекетіне заң аясында баға берілетінін атап өтті.

Полиция сондай-ақ мұндай жағдайларды күш қолданбай, тек құқықтық жолмен шешу керектігін ескертті. Заң бұзған әрбір әрекет жауапкершілікке әкеледі.

Материал авторы