Атырауда түйе ұрлаған қылмыстық топ қолға түсті
Ұрланған түйелер жүк көлігімен Маңғыстау облысына тасымалданған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында түйе ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан топ құрықталды. Полицияның мәліметінше, қылмыстық әрекетке қатысы бар бірнеше адам ұсталып, ірі көлемдегі мал ұрлығының жолы кесілген.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, арнайы операция 9 сәуір күні өткізілген. Бұл шара ел аумағында мал ұрлығын анықтау және алдын алу жұмыстары аясында жүзеге асқан.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер далада еркін жайылып жүрген малды әдейі бақылап, түнгі уақытта айдап әкетіп отырған. Ұрланған түйелер жүк көліктерімен Маңғыстау облысына тасымалданып, кейін сатылымға шығарылған.
Полиция қазірге дейін ондаған түйенің ұрланғанын дәлелдеген. Алдын ала есеп бойынша, келтірілген шығын 10 миллион теңгеден асады.
Құқық қорғау органдары ұрланған малдың едәуір бөлігі тәркіленіп, заңсыз сатылымға жіберілмегенін нақтылады.
Барлық күдікті ұсталып, қамауға алынды.
Министрлік өкілдері мал ұрлығы ауыл тұрғындарының әл-ауқатына тікелей соққы екенін атап өтті. Осыған байланысты ішкі істер министрінің тапсырмасымен мұндай қылмыстарды анықтау және жолын кесу жұмыстары күшейтілуде.
Сонымен қатар ведомство мал иелеріне төрт түлікті міндетті түрде тіркеуге, чиптеу жүйесін қолдануға және қараусыз қалдырмауға кеңес берді.
Материал авторы