Семейдегі құрылыс алаңында жараланған 20 жастағы жігіт қолынан айырылды
Жас жұмысшы еңбек шартынсыз және дайындықсыз қауіпті жұмысқа тартылған
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде құрылыс алаңындағы өрескел қауіпсіздік бұзушылық ауыр трагедияға әкелді. 20 жастағы жұмысшы жігіт қолынан айырылды. Оқиға 11 сәуір күні болған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жас жігіт құрылыс нысанында ешқандай еңбек шартысыз жұмыс істеген. Оны жұмыс беруші арнайы дайындықтан өткізбей, қауіпті техникамен жұмыс істеуге жіберген. Қауіпсіздік талаптары сақталмаған, нұсқаулық берілмеген. Соның салдарынан өндірістік құрылғы оның оң қолын жұлып кеткен.
Зардап шеккен азамат жедел жәрдем ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлер шынтақтан жоғары ампутация жасауға мәжбүр болған. Қазір науқас жансақтау бөлімінен шығарылып, дәрігерлердің бақылауында жатыр. Алда ұзақ ем, оңалту және протездеу кезеңі тұр.
Жәбірленушінің жұбайы әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялап, әділдік талап етуде. Оның сөзінше, құрылыс алаңындағы заң бұзушылықтар үшін жұмыс беруші жауапкершіліктен жалтармауы тиіс.
Оқиғаға байланысты тергеуді Абай облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті жүргізіп жатыр. Арнайы комиссия құрылған.
Ведомство мәліметінше, комиссия 10 жұмыс күні ішінде тексеріс жүргізеді. Оның құрамына еңбек инспекторларымен қатар, нысанның жұмыс берушісі де енгізілген. Соңғысы жұмысшының оқытусыз әрі нұсқаулықсыз жұмысқа жіберілгенін жоққа шығармаған.
Тексеру қорытындысы бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, процессуалдық шешім қабылданады.
Материал авторы