282

Шымкентте жалған Coca-Cola сусынының көшірмесі сатылып келген

Халықаралық компанияның шағымынан кейін қалада жаппай тексеріс басталған.

Шымкентте жалған Coca-Cola сусынының көшірмесі сатылып келген
Әділет департаменті

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте танымал бренд атын жамылған жалған сусындар сатылғаны анықталды. Әділет департаменті қала базарларынан ірі көлемдегі контрафакт өнімді әшкерелеп, тексеріс жұмыстарын бастап кетті.

Тексеруге The Coca-Cola Company компаниясының ресми шағымы себеп болған. Компания өз тауар белгісінің заңсыз қолданылып жатқанын және нарықта шығу тегі күмәнді өнімдер көбейгенін мәлімдеген.

Рейд барысында сауда орындарында жалған салқындатқыш сусындардың сатылып жатқаны анықталды. Мамандар өнімнің таңбалануында өрескел бұзушылықтар барын, құжаттарының жоқ екенін және тауардың түпнұсқалығына күмән тудыратын белгілерді тіркеген.

Аталған деректер бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы – бөтен тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісімен әкімшілік іс қозғалды. Материалдар сотқа жолданды.

Ведомство контрафакт өнімнің бірнеше қауіп төндіретінін ескертті. Біріншіден, ол құқық иеленушілерге экономикалық шығын келтіреді. Екіншіден, санитарлық талаптардың сақталмауы тұтынушылар денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Әділет департаменті мұндай тексерістер алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасатынын мәлімдеді. Кәсіпкерлерге жалған өнімді сатудың заң алдындағы жауапкершілігі қатаң екенін еске салды.  

Материал авторы