337

Оралда алаяқтар әйелді 3 млн теңгеге алдамақ болған

Қызының дабылынан кейін полиция банкомат жанынан әйелді тауып алған.

Оралда алаяқтар әйелді 3 млн теңгеге алдамақ болған
polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында полиция интернет-алаяқтардың ірі схемасын дер кезінде тоқтатты. Орал қаласының тұрғыны алаяқтардың ықпалына түсіп, 3 миллион теңгені белгісіз есепшотқа аудармақ болған.

15 сәуір күні «102» арнасына жергілікті тұрғыннан хабар түскен. Ол орталық базар маңында белгісіз адамдар анасын алдап, ақшасын иемденбек болғанын айтқан. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері сауда үйінің банкоматы жанынан 47 жастағы әйелді анықтаған.

Белгілі болғандай, әйел алаяқтардың нұсқауымен әрекет етіп, 3 миллион теңгені бөтен есепшотқа аударуға әрекеттенген. Құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің арқасында ақша дер кезінде сақталып қалды.

Тергеу барысында алаяқтардың өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырғаны анықталды. Олар әйелмен видеоқоңырау арқылы байланысқа шығып, арнайы форма киіп, сенімге кірген.

Алдын ала деректерге сәйкес, күдіктілер әйелдің атына бірнеше банктен несие рәсімдеуге тырысқан, бірақ сәтсіз болған. Соған қарамастан, оның есепшотына басқа көзден ақша түсірілген. Бұл қаражат кейін «дропперлік» схема аясында пайдаланылуы мүмкін болған.

Сонымен қатар, алаяқтар әйелге психологиялық қысым жасап, қызына қатысты жалған қылмыстық іс қозғалды деген ақпарат таратқан. Осылайша оны қорқытып, әрекетке итермелеген.

Манипуляцияға сеніп қалған әйел ауылдан қалаға келіп, онлайн өтінімдері өтпеген соң 3 миллион теңгеден астам сомаға офлайн несие рәсімдеген. Тіпті ол алаяқтардың талабымен жақындары мен полициядан жасырынуға тырысқан.

Қазіргі уақытта оның қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін eGov порталы арқылы «Стоп-кредит» қызметі қосылды. Бұл жүйе оның атына жаңа несие рәсімдеуге шектеу қояды. 

Материал авторы