Павлодарда жасөспірімдер қатарласын соққыға жығып, араша түскен адамға да шабуыл жасады
Жасөспірімдердің әрекеті қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда жасөспірімдердің қатыгездігі жұртты алаңдатты. Бір топ жасөспірім қатарласын соққыға жығып, араша түспек болған ересек азаматқа да шабуыл жасаған.
Оқиға туралы әлеуметтік желіде жергілікті тұрғын хабарлаған. Оның айтуынша, күйеуі жұмысқа шығар алдында аулада топ болып жиналған жасөспірімдерді байқап, олардың бір баланы ұрып жатқанын көрген.
«Ол көмек көрсету үшін араша түспек болды. Әдетте сабырлы, адамдармен жұмыс істейтін жан. Бірақ жасөспірімдер бірден оған қарсы бұрылып, қоршап алып, қорқытып, соққы жасай бастады. Барлығы топ болып жабылды. Күндізгі уақытта мұндай қатыгездік қалайша қалыпты нәрсеге айналды?» — деп жазды әйел.
Полиция мәліметінше, оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, бөлімшеге жеткізілген. Қазір болған жағдайдың мән-жайы мен себептері жан-жақты тексеріліп жатыр.
Бұл жағдай қоғамда жасөспірімдер арасындағы агрессия мен тәрбие мәселесін тағы да алдыңғы қатарға шығарды.
Материал авторы