SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетауда қаңғыбас иттер тобы жүкті әйелге шабуыл жасап, қаладағы қауіпсіздік мәселесін қайта көтерді.
Оқиға күндіз болған. Зардап шеккен әйелдің айтуынша, ол Боровской шағынауданында акушердің қабылдауынан шығып, үйіне қайтып бара жатқан. Бәрі қалыпты көрінгенімен, күтпеген жерден бірнеше ит шабуылға өткен.
«Иттер шамамен он шақты болды. Әуелі жанымдағы әйелге ұмтылып, кейін маған қарай бұрылды», — дейді ол.
Абырой болғанда, оқиға орнынан өтіп бара жатқан ер адам дер кезінде араласып, жануарларды қуып, жедел жәрдем шақырған.
Дәрігерлер жарақатты өңдеп, әйелге құтыруға қарсы екпе курсын тағайындады. Енді ол толық вакцинациядан өтуі тиіс. Ал бұл жағдайдың құрсақтағы балаға қалай әсер ететіні әзірге белгісіз.
Тұрғындардың айтуынша, осы аумақта, нақтырақ айтқанда №11 мектеп маңында, қаңғыбас иттер бұрыннан топтасып жүр. Мұндай оқиғалар алғаш рет болып отырған жоқ.
RUS