SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында алаяқтардың арбауына түскен әйел құтқаруға келген полицейлерден өзі қашқан. Оқиға киберқылмыстың қаншалықты қауіпті деңгейге жеткенін тағы бір мәрте көрсетті.
Полиция мәліметінше, әйел алаяқтарға SMS-кодты беріп қойған және сол сәтте олардың толық психологиялық ықпалында болған. Қаскөйлер «құпия тергеу жүріп жатыр» деген жалған ақпарат таратып, оны түрмемен қорқытып, нағыз құқық қорғаушыларды «жау» ретінде қабылдауға мәжбүрлеген.
Оқиға сауда орталығының ішінде болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода әйелдің патрульдік полициядан үрейлене қашып жүргені көрінеді. Ол өзін ұстап әкетеді деп ойлаған. Ал сол уақытта алаяқтар оның атына ірі көлемде несие рәсімдеуге әрекет етіп жатқан.
Құқық қорғау органдарының жедел әрі сабырлы әрекетінің арқасында қаржылық шығынның алды алынды. Әйел алаяқтардың толық бақылауынан дер кезінде шығарылды.
Бұл жағдай интернет-алаяқтардың тек ақшаны ғана емес, адамның санасын да бақылауға алуға тырысатынын айқын көрсетті.
RUS