SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Оралда барлардың бірінде болған жанжал әлеуметтік желіде тараған видео арқылы белгілі болды. Кадрларда үш ер адамның дәретхана есігін ашып кіріп, ішінде екі жігітті көргені, кейін олардың арасында жанжал туындап, соққыға дейін барғаны байқалады.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті бұл дерекке қатысты ресми түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында бейнебақылау камерасынан алынған жазба анықталған. Онда екі ер адамға қатысты заңсыз әрекеттер тіркелген.
«Тексеру барысында 2026 жылғы 17 ақпанда Орал қаласындағы барлардың бірінде екі ер адам дене жарақатын алғаны анықталды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құқыққа қайшы әрекет жасаған азамат анықталып, полицияға жеткізілді», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және жәбірленушілердің кім екенін белгілеу бойынша жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар екі тараптың әрекеттеріне де құқықтық баға берілетіні айтылды.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді.
RUS