SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысының Қордай ауданында 9-сыныпта оқитын екі жасөспірім өлі күйінде табылды. Бұл дерек бойынша полиция «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқушылардың денесі 15 сәуір күні таңертең шаруашылық құрылыстарының бірінен табылған. Таныстарының айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін олар әлеуметтік желіде «Естелікке» деген жазуы бар сурет жариялаған.
Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейтіні хабарланды.
Ауыл тұрғындары бұл жағдайдың бір реттік оқиға емес екенін айтып, соңғы айларда бірнеше жасөспірімнің қазасы тіркелгенін жеткізді.
«Алдымен тоғызыншы сыныптың, кейін жетінші сыныптың баласы асылып қалды. Сол қайғылы оқиғалардан кейін тағы бір оқушының қазасы туралы хабар келді. Соңғы деректерді қосқанда, бірнеше жағдай тіркеліп отыр», – дейді ауыл тұрғындарының бірі.
Өңірде бұған дейін де ұқсас оқиғалар болған. Наурыз айының басында Қайнар ауылында 12 жастағы қыз баланың денесі табылса, кейін Масанчи ауылында кәмелетке толмаған тағы бір ұл баланың қазасы тіркелген. Бұл фактілер бойынша да қылмыстық істер қозғалған.
Сонымен қатар жергілікті билік Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы суицидтік әрекеттер 30 пайызға азайғанын (63-тен 55 жағдайға дейін) хабарлаған.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева өңірдегі мәселелерге назар аударып, балаларға қатысты құқықбұзушылықтар мен буллингтің жүйелі сипат алғанын атап өткен.
Оның мәліметінше, оқушылар арасында қысым көрсету, ақша бопсалау және зорлық-зомбылық жағдайлары туралы ашық айтылғанымен, кей мектеп әкімшіліктері мұндай деректерді жасырып, ресми статистикада «нөл» деп көрсеткен жағдайлар да болған.
Жиналған деректерге сай, Қордай ауданындағы 5–9 сынып оқушылары жоғары сынып тарапынан қысым, мәжбүрлі ақша жинау, физикалық зорлық және қорлау фактілері бар екенін хабарлаған.
RUS