SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавлда автожол өтпежолының құрылысына бөлінген миллиардтаған бюджет қаржысының жымқырылуына қатысты іс тергеліп жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігі ірі көлемдегі заңбұзушылықтың бетін ашты.
Тергеу дерегіне сәйкес, 2023 жылдың тамызында қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен мердігер ұйым арасында құны 5,4 млрд теңге болатын келісімшарт жасалған. Құжат бойынша мердігер өтпежол құрылысын толық әрі белгіленген мерзімде аяқтауы тиіс болған.
Алайда жоба барысында компания жұмыс кестесінен жүйелі түрде қалып отырған. Соған қарамастан, нақты орындалмаған жұмыстарға қатысты жалған мәліметтер енгізілген актілер рәсімделіп, қол қойылған. Осы құжаттар негізінде мердігерге негізсіз түрде бюджет қаражаты аударылған.
Салдарынан мемлекетке келтірілген шығын көлемі 2 млрд теңгеден асты.
Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің мәліметінше, сот санкциясымен жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 бірлік көлік пен арнайы техникаға тыйым салынды. Күдікті қамауға алынып, оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау таңдалды. Тергеу жалғасып жатыр.
RUS