SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда тарихи тұлғаға қойылған ескерткіш төңірегінде күтпеген дау туды. Қала тұрғындары Амангелді Имановқа арналған мүсіннің келбеті басқа тұлғаны еске түсіретінін айтып, пікірталас бастады.
Әңгіме Амангелді Иманов ескерткіші туралы. Әлеуметтік желіде тараған суреттерден кейін кейбір қолданушылар ескерткіштегі бейне Амангелді Иманов емес, Владимир Ленин тұлғасына көбірек ұқсайтынын алға тартты.
Даудың шығуына қала тұрғыны Антон Морозовтың жазбасы себеп болды. Ол мүсіннің фотосын жариялап, авторы тарихи бейнені жасау кезінде кеңестік көсемнің образын пайдаланған болуы мүмкін деген болжам айтты. Осыдан кейін желі қолданушылары ескерткіш келбетін архивтік суреттермен, соның ішінде Имановтың 150 жылдығына арналған пошта маркасындағы бейнесімен салыстыра бастады. Көпшілік айырмашылық айқын екенін жазып жатыр.
Сонымен қатар бұл нысан ресми түрде тіркелген тарихи-мәдени ескерткіш санатына кіреді. Қаладағы жергілікті маңызы бар мұралар тізімінде ол дәл Амангелді Имановқа арналған мүсін ретінде көрсетілген. Автор ретінде мүсінші Хасболат Асқар-Сарыжа аталады. Ескерткіш 1950 жылы орнатылған.
Даудың нақты немен аяқталары белгісіз. Бірақ бұл жағдай тарихи тұлғалардың бейнесін жаңғырту мәселесі қоғам үшін әлі де өзекті екенін көрсетті.
RUS