SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде жол ережесін жүйелі түрде бұзған шетелдік азамат ұсталды. Ол қала көшелерінде жарты жүзге жуық құқықбұзушылық жасап, қомақты айыппұл арқалаған.
Полицейлердің мәліметінше, Қарғалы аудандық бөлімінің қызметкерлері рейд барысында жол қозғалысы ережелерін бірнеше мәрте бұзған жол талғамайтын көлікті анықтаған. Көлік тізгіндеген шетелдік жүргізушінің атына 50-ге жуық құқықбұзушылық тіркелген. Олардың барлығы автоматты бейнебақылау жүйелері арқылы анықталған.
Жалпы айыппұл көлемі шамамен 600 мың теңгеге жеткен. Тексеру барысында жүргізушінің Ақтөбеге жиі келіп, әсіресе қаладан шығар жолдарда жылдамдықты тұрақты түрде асырып отырғаны белгілі болды.
Нәтижесінде құқықбұзушының көлігі тәркіленіп, барлық қарызы толық өтелгенге дейін арнайы айып тұрағына қойылды.
Полиция жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері автоматты түрде тіркелетінін және мұндай құқықбұзушылықтар үшін жауапкершіліктен жалтару мүмкін емес екенін ескертті. Азаматтығына қарамастан, барлық жүргізуші жол талаптарын сақтауға міндетті.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары жылдамдық режимін сақтау мен жол мәдениетін күшейту жол-көлік оқиғаларының алдын алудың негізгі тетігі екенін атап өтті.
RUS