SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында телесюжетті жай ғана бөліскен блогер қамауға алынды. Даулы іс ақпаратты репосттаудан басталып, «жала жабу» айыбына ұласты.
Әңгіме Turkistan TV телеарнасының репортажына қатысты. Онда облыстық тәртіптік кеңестің отырысынан үзінді көрсетіліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері сөз болған. Кадрларда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановқа қатысты эпизодтар, нақты деректер мен тұлғалар аталған.
Осы материалды әлеуметтік желіде бөліскен Бекболат Қаржан, Тоқтар Жақаш және Сәбит Рысбаевқа қарсы әкімшілік іс қозғалды. Оларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Жала жабу» бабымен айып тағылған. Соның нәтижесінде Бекболат Қаржан 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Бұл шешім қоғамда қызу пікірталас тудырды. Депутат Абзал Құспан мұндай айыптаумен келіспейтінін білдірді. Оның пікірінше, егер блогер немесе журналист бастапқы дереккөзге сілтеме жасап, ақпаратты өзгеріссіз таратса, оны жала жабу ретінде бағалау күмәнді.
Өңір әкімдігі Нұрбек Нышановқа қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалған жоқ екенін мәлімдеді. Ресми дерекке сәйкес, оның әрекеттерінен құқықбұзушылық белгілері анықталмаған. Ол 2019 жылдан бері қызметін жалғастырып келеді.
Ал телеарна өкілдері өз материалдары тек уәкілетті органның ресми мәліметтеріне негізделгенін атап өтті. Сонымен қатар, Нышановтың журналистерге ешқандай шағым түсірмегені де белгілі болды.
RUS