SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы күрт бұзылмақ. Синоптиктер бірнеше өңірге бірден дауылды ескерту жариялап, желдің күшеюі, жауын-шашын, тұман мен үсік қаупі барын хабарлады.
24 сәуірде Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және өзге де облыстарда тұман түсіп, желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Кей жерлерде түнгі уақытта үсік жүруі мүмкін. Көкшетау мен Петропавлда да жел күшейіп, ауа райы тұрақсыз болады.
Ал 26 сәуірде жағдай одан әрі ушығады. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі. Найзағай ойнап, бұршақ жаууы, тіпті дауыл тұруы ықтимал. Желдің екпіні кей тұстарда 30 м/с-тан асып, қауіпті деңгейге жетеді. Ауа температурасы күрт төмендейді.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде де жағдай күрделі. Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстарында нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанып отыр. Таулы аймақтарда қар аралас жауын-шашын күшейеді. Желдің жылдамдығы 20–28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Батыс пен оңтүстік-батыста да тыныштық жоқ. Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде тұман күтіледі. Жел күшейіп, кей өңірлерде шаңды дауыл болуы мүмкін.
Шығыс өңірлерде, соның ішінде Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарында жаңбыр мен найзағай болжанып, кей аумақтарда өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Сонымен қатар Алматы маңындағы таулы аймақтарда 22–27 сәуір аралығында қар көшкіні қаупі сақталады. Мамандар тұрғындарға тауға бармауға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.
RUS