SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда автобус аялдамасында зейнеткер әйелге жасалған шабуыл қоғамды дүр сілкіндірді. Бейтаныс ер адам оны аяусыз соққыға жыққан.
Оқиға туралы әлеуметтік желіде жәбірленушінің қызы хабарлаған. Оның айтуынша, шабуыл Санаторий Алматы көшесінде болған. Күдікті айналада ешкім жоқ сәтті күтіп, 66 жастағы әйелге артынан келіп, басы мен денесінің жоғарғы бөлігіне жұдырық және аяқпен соққы жасаған.
Қазір зардап шеккен әйел ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын бақылауға алған.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Істі Бостандық аудандық полиция басқармасы тергеп жатыр.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, күдікті «ізін суытпай» анықталып, ұсталған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
RUS