SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Теміртау қаласындағы «Айгөлек» балабақшасында тәрбиешінің балаға күш қолданған сәті бейнебақылау камераларына жазылып қалған. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Оқиға туралы алғаш болып баланың анасы әлеуметтік желіде жариялады. Оның айтуынша, балабақша — балалар үшін қауіпсіз әрі қамқорлыққа толы орын болуы тиіс, ал мұндай әрекеттер мүлде жол берілмейтін жағдай.
Қарағанды облыстық полиция департаменті бұл дерек әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында анықталғанын мәлімдеді. Белгілі болғандай, ата-аналар тарапынан ресми арыз түспеген.
Тексеру барысында 36 жастағы тәрбиешінің жеке басы анықталып, ол полиция бөліміне жеткізілді. Аталған факті бойынша кәмелетке толмағанды тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамау және оған қатыгездік көрсету бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында балабақша қызметкерлері үш жасар балаларға күш қолданғаны туралы дерек жарияланған болатын.
RUS