SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірқатар аймақтарында 27–29 сәуір аралығында ауа райы күрт өзгеріп, қауіпті құбылыстар күтіледі. Синоптиктер жауын-шашын, дауыл, найзағай, үсік пен шаңды жел туралы бірқатар дауылды ескерту жариялады.
Шығыс Қазақстан облысында жауын-шашынның көбеюіне байланысты өзендердегі су деңгейі көтерілуі мүмкін. Мамандар жылғалар мен тау өзендерінен су тасуы ықтимал екенін ескертеді.
Алматы облысында және Алматы қаласында найзағай, қатты жаңбыр, бұршақ және желдің күшеюі болжанып отыр. Таулы аймақтарда жел екпіні секундына 23 метрге дейін жетуі ықтимал. Ұқсас жағдай Жетісу және Жамбыл облыстарында да күтіледі.
Маңғыстау облысында жаңбырмен қатар шаңды дауыл соғуы мүмкін. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с дейін күшейеді. Қызылорда облысында да шаңды дауыл болжанып отыр.
Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында тұман мен үсік қаупі бар. Кей өңірлерде түнгі температура нөлден төмен түсіп, топырақ беті 1–3 градусқа дейін суытады.
Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында ауа температурасы күрт төмендеп, кей жерлерде жауын-шашын қарға ұласуы мүмкін. Сонымен қатар бұл өңірлерде өрт қаупі де сақталып отыр.
Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында найзағай, жаңбыр және желдің күшеюі күтіледі. Түркістан өңірінде де жел екпіні артады.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының қолайсыз жағдайларына дайын болуға, әсіресе жолда, таулы аймақтарда және өзен маңында сақтық шараларын күшейтуге шақырады.
RUS