SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ішкі істер министрлігі интернет-алаяқтықтың жаңа әрі қауіпті тәсілі анықталғанын мәлімдеді. Бұл жолы қылмыскерлер жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, азаматтарды алдауға көшкен.
Polisia.kz дерегінше, әлеуметтік желілерде дипфейк технологиясы арқылы банктердің бірінің басшысына ұқсас бейнежазба таралып жатыр. Видеода Halyk+ деп аталатын инвестициялық платформа арқылы ірі табыс табуға болады деген жалған уәде айтылады.
Министрлік мұндай платформаның шын мәнінде жоқ екенін нақтылады. Таралып жатқан ақпарат толықтай жалған және адамдарды қаржылай шығынға ұшыратуға бағытталған.
Құзырлы орган азаматтарды күмәнді ұсыныстардан сақ болуға шақырады. Белгісіз онлайн-платформалар арқылы инвестиция жасауға үгіттейтін хабарламалардың артында алаяқтар тұруы мүмкін.
Мамандар қаржылық операцияларды тек банктердің ресми бөлімшелерінде жүргізуді ұсынады. Сонымен қатар, жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеу және күмәнді сілтемелерге өтпеу маңызды екені ескертілді.
ІІМ әлеуметтік желілердегі жалған бейнероликтерге сенбеуге және ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырды.
RUS