SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте екі жасар қыз абайсызда терең құдыққа құлап, аман қалды. Дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап, алғашқы медициналық көмектен кейін үйіне жіберген.
Оқиға 26 сәуір күні қаланың Қаратау ауданында болған. 2024 жылы туған сәби біраз уақыт үлкендердің қарауынсыз қалып, Құдайбергенов көшесіндегі жеке үй ауласындағы құдыққа түсіп кеткен. Құдықтың тереңдігі шамамен 24 метрге жуық — бұл сегіз қабатты үйдің биіктігімен пара-пар.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар альпинистік құралдарды пайдаланып, төменге түсіп, баланы жоғарыға алып шыққан. Кейін ол жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала қажетті тексерулерден өткен. Оның өміріне қауіп жоқ, амбулаториялық бақылауға жіберілген.
Мамандар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жеке сектордағы құдықтар мен техникалық шұңқырларды қауіпсіз күйде ұстау қажет екенін ескертеді. Атап айтқанда, оларды берік қақпақпен жабу, айналасын қоршау және пайдаланылмайтын нысандарды уақытылы көму ұсынылады.
Ережені сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға ескерту немесе айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда жаза күшейтіледі.
Қазір оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.
RUS