SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда әлеуметтік желіде Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен қазақстандықтарға қатысты қорлайтын пікір қалдырған әйел құқық қорғау органдары тарапынан ұсталды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға әлеуметтік желі Threads платформасында жарияланған жазбадан кейін өрбіген. Пікір авторының Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға қатысты айтқан ауыр сөздері қоғамда үлкен резонанс тудырды. Көптеген азаматтар мемлекеттік органдарға жүгініп, әйелді әлеуметтік және ұлттық араздық қоздырды деген негізде жауапқа тартуды талап еткен.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ретінде танылған азаматша анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.
«Азаматша П. анықталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта оның әрекеттеріне заң аясында құқықтық баға беріліп жатыр. Мұндай әрекеттерге жол берілмейді және қатаң түрде құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады ведомство.
Полиция кез келген арандатушылық сипаттағы жазбалар мен ұлтаралық келісімді бұзуға бағытталған контенттің жолы кесілетінін ескертті.
Даудың басы...
Бұған дейін Threads желісінде violette_vita атты қолданушы түрлі жазбаларға өткір әрі қорлайтын пікірлер қалдырғаны белгілі болды. Оның жазбаларында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға қатысты да даулы пікірлер айтылған.

Сонымен қатар ол Петропавлда өткен концерт кезінде ресейлік әнші Акмаль Ходжаниязов төңірегіндегі дауға да пікір білдірген. Әнші көрермен сыйлаған сары-көк түсті пакетті қабылдамай, түстеріне байланысты өртеп жіберуді сұрағаннан кейін әлеуметтік желіде үлкен сынға ұшыраған еді. Кейін Қостанайдағы концерті де тоқтатылған.

Желіде тараған скриншоттар қоғамда қызу талқыланды, алайда кейін әйел өз жазбаларын өшіріп тастаған.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда әлеуметтік желідегі арандатушылық сипаттағы пікірлері үшін бір азаматша сотталып, нақты мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын.
RUS