SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржы мониторингі агенттігі блогер Эльмира Төлегенованың соттағы мәлімдемесіне қатысты ресми түсініктеме берді. Айыпталушы өзіне және жұбайы Ерболат Жанабыловқа тергеу кезінде қысым жасалғанын айтқан болатын.
Ведомство бұл уәжді жоққа шығарады. ҚМА дерегінше, күдіктілер барлық тергеу әрекеттеріне тек қорғаушысының қатысуымен қатысқан.
«Жанабылов Е. мен Төлегенова Э. тергеу амалдарына адвокаттарының қатысуымен ғана қатысты. Тергеу барысында да, іс материалдарымен танысу кезінде де қысым көрсету, қорқыту немесе бопсалау туралы ешқандай шағым түскен жоқ», — деп мәлімдеді агенттік.
Сондай-ақ барлық тергеу әрекеттері заң талаптарына сәйкес толық аудио және бейнежазбаға тіркелгені атап өтілді.
Дегенмен, Төлегенованың сотта айтқан сөздері тексеріліп жатыр. Оның мәлімдемесіне құқықтық баға кейін беріледі.
Еске салайық, бұл іс 2025 жылы Instagram желісінде ұйымдастырылған даулы автокөлік ұтысынан бастау алған. Тергеу барысында аталған әрекеттерде заңсыз кәсіпкерлік белгілері бар екені анықталып, әкімшілік іс қылмыстық іске ауыстырылған.
Кейін блогерлер апелляцияда да жеңіліп, 2026 жылдың ақпанында оларға үйқамақ бұлтартпау шарасы тағайындалды. Ал 13 наурыздан бастап сот процесі басталған.
RUS