SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде полиция рейді кезінде мас күйде электровелосипед басқарған ер адам ұсталып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Оқиға қаладағы тексеру шараларының бірі барысында болған. Полицейлердің мәліметінше, тұрғын көшеде қолына сыра ұстап, алкогольдік масаң күйде электровелосипедпен жүрген.
Тәртіп сақшылары оны өз үйінің қақпасының алдында тоқтатқан. Бейнежазбада ер адамның электровелосипедті тастай салып, үйінің есігін ашуға тырысқаны көрінеді.
Нәтижесінде семейлік тұрғын көлік құралын жүргізу құқығынсыз басқарғаны үшін 20 тәулікке қамауға алынып, қосымша 10 АЕК көлемінде, яғни 43 250 теңге айыппұл арқалады.
Абай облыстық полиция департаменті электровелосипедтердің кей түрлері заң бойынша мопедке теңестірілетінін еске салды.
«Сағатына 40–45 шақырымға дейін жылдамдық жинайтын және қуаты 400 Вт-тан асатын электровелосипедтер ресми түрде мопед санатына жатады. Сондықтан олардың жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін сақтауға міндетті», – деп хабарлады ведомство.
Полиция мұндай құқықбұзушылықтар әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.
RUS