784

Танымал жайдарманшы пойызда жолаушы әйелге тиіскен (ВИДЕО)

Баласымен жүрген әйелге тиіскен мас ер адамға қатысты іс қозғалды.

Танымал жайдарманшы пойызда жолаушы әйелге тиіскен (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылорда – Павлодар бағытымен жүретін №117 пойызда болған жанжалға байланысты қоғамда резонанс туды. Жолаушылардың бірі кәмелетке толмаған баласымен бірге келе жатқан әйелге мас күйдегі ер адамның әдепсіз әрекет көрсеткенін мәлімдеді. Кейін бұл оқиғаға қатысты күдіктінің танымал әзілкеш екені айтылды.

Әлеуметтік желі Threads қолданушысының жазбасына сәйкес, оқиға 26 сәуір күні түнгі 00:30 шамасында Қазалы станциясында болған. Әйелдің айтуынша, ол баласымен бірге купеде жалғыз келе жатқан кезде, белгісіз ер адамды оның вагонына ауыстырып отырғызған.

— Билет бойынша ер адамға 29-орын берілген. Бірақ оны мен отырған купедегі 1-орынға ауыстырған. Ол мас күйде болды, тиісіп, балағаттап, агрессия көрсете бастады. Пассажирлердің қауіпсіздігіне кім жауап береді деген сұрақ туындайды, — деп жазды жолаушы.

Оның сөзінше, жағдай ушығып кеткен соң ол полицияға хабарласуға мәжбүр болған. Байланыс 102 нөміріне түнгі 03:17-де жасалған. Кейін таңертең шамамен бес сағаттан соң полиция қызметкері келіп, түсініктеме алған.

Жолаушы бастапқыда шағымы жоқ екенін көрсететін арызға қол қойған. Алайда кейін бұл шешіміне өкініш білдірген.

— Үш күн ұйықтамаған, физикалық тұрғыдан шаршаған жағдайда және өзім мен баламның қауіпсіздігі үшін қорқып, арызға қол қойдым. Бірақ кейін жағдайды қайта қарадым, — деп түсіндірді ол.

Кейін ол ресми түрде қайта шағым түсіретінін мәлімдеді.

— Жолаушылардың қауіпсіздігі қандай жағдай болмасын толық қамтамасыз етілуі тиіс. Мен оқиғаның барлық мән-жайын тексеруді талап етемін, — деді әйел.

Желі қолданушылары видеодағы ер адамды Қазақстандағы белгілі Жайдарман ойыншысы Ақылбек Скендіров деп таныған.

Көліктегі полиция департаменті оқиғаға қатысты тексеру басталғанын растады.

— Аталған дерек Кызылорда станциясындағы көліктегі полиция бөлімінде тіркелді. Қазір барлық мән-жайы анықталуда. Кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, — делінген ресми хабарламада. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор